Хузәйфа және Әбу Зәрр (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) төсегіне жатқанда: «Бисмикаллаһумә ахйә уә әмуту» (Уа, Алла тағалам, Сенің атыңмен көз жұмып, Сенің атыңмен қайта тірілемін), – деп дұға ететін еді», – деген (Бұхари, дағауат 7).
Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с): «Қайсыбірің болса да төсегіне жатар алдында киімінің астарымен төсегін жақсылап қақсын, өйткені ол бос тұрған төсегіне не нәрсенің кіріп-кірмегенін білмейді. Содан кейін: «Бисмикә рабби уадағту жәнби уә бикә арфәғуһу, ин әмсәктә нәфси фархамһә уә ин арсәлтәһә фахфазһә бимә тахфазу биһи ибәдәкәс-салихин» (Уа, Раббым! Сенің атыңмен (оң жақ) қырымнан жантайып жаттым. Егер жанымды алсаң (яғни, ұйқыдан оянбасам), оны шексіз рақымыңа бөлей гөр! Ал, егер оны қоя берсең (яғни, аман-есен оянсам), оны Өзіңнің салиқалы құлдарыңды сақтағаныңдай (бәле-жаладан) сақтай гөр!), – деп дұға етсін»,- деп айтты», – деген (Бұхари, дағауат 13; Муслим, зикр 64).
Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) жатар алдында екі алақанын үрлеп, «муаууизатайн» («Ықылас», «Фәлақ», «Нәс») деп аталатын сүрелерді оқып, содан кейін бүкіл денесін сипайтын еді», – деген (Бұхари, дағауат 12).