Үйде, қонаққа барғанда сақталуы тиіс әдептер:
1. Үйден шығарда есікті қатты жаппау керек.
2. Кіргенде және шыққанда «Ассалаумағалейкүм уа рахматуллахи уә баракатух» деп сәлем берген дұрыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әнасқа (р.а.) былай деген: «Уа, балам, үйіңе кіргенде үйдегілермен сәлемдес, ол сен үшін де, отбасың үшін де қайырлы».
3. Туыстардың, жақындардың немесе достардың үйіне кірерде есігін қатты тарсылдатпастан жай ғана қағу керек.
4. Үйге кіруге рұқсат сұраған соң дәл есіктің алдында емес, есіктің оң жағында немесе сол жағында тұру керек.
5. Есікті қаққан соң іштен «бұл кім? деген сұрақ қойылса «мен» деп емес, өз атын айтып жауап берген жөн. Бұхари мен Мүслим Жәбир бин Абдуллахтың былай дегенін келтіреді: «Бірде мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйінің есігін қақтым. Ол: «Бұл кім?» деп сұрады. Мен: «Бұл мен» деп жауап бердім. Ол менің бұл жауабымды ұнатпады».
6. Үйге кірерде аяқ киімді тазалау керек.
7. Аяқ киімді шешкенде шетке жинап қойған дұрыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аяқ киімді оң аяқтан бастап киіңдер, шешкенде сол аяқтан бастап шешіңдер» деген.
8. Үй иесі «мұнда отырыңыз» деп көрсеткен орынға ғана отыру керек. Әди ибн Хәтим (р.а.) Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) кездескені жайлы былай деген: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйіне кіргенде ол маған теріден жасалған жастықты көрсетті де: «Соған отыр» деді. Мен: «Жоқ, сіз отырыңыз» дегенімде ол: «Жоқ, сен отыр» деді де өзі жерге отыра кетті».
9. Қонақта отырғанда және үйден шыққанда қатты дауыстамай, бәсең дауыспен, асықпай сөйлеу керек.
10. Сондай-ақ, біреудің үйіне барғанда үйдегі заттарды рұқсатсыз ұстап, көріп, жабық нәрселерді (шкаф, сандық т.б.) ашып көруге болмайды. Ол Ислам әдептеріне қайшы келеді.