Жасы тоқсанның үшіне қарайлап, Төле би төсек тартып қалады. Оның қасында Жаңыл дейтін ақын біраз күн болып, көңілін аулайды. Сонда ол Төле биге мынадай сұрақ қояды:
Көргелі келдік, сізді біз
Жалпағынан дүниені
Әбден басып жүрдіңіз
Сізсіз шылбыр бермеді
Түгел қазақ еліңіз.
Мал менен бас барабар
Сайрап дәуір сүрдіңіз.
Әділетке салғанда
Шамамда жоқ мініңіз.
Сұрайтын бір сырымыз –
Сізде де арман бар ма екен?
Сұрайықшы соны біз…
Жаңыл ақын осылай дегенде, Төле би басын көтеріп:
– Жаңыл, қалқам, баласың-ау, армансыз адам болушы ма еді, өзгелердің арманы біреу-екеу болса, менің арманым екеу-төртеу, оның себебін айтайын: мен қазақ, қырғыздың бір туғандай кезінде туылып, арасы ыдырап, бөліне бастаған тұсында дүниеден кетіп барамын. Осы менің жаныма батады. Алдағы күндері халқымның күні қандай болмақ деп армандаймын! – депті.