Біз кейде көп істі «автоматты» түрде жасай береміз. Қанша маңызды болса да, бала тәрбиесінде де сөйтеміз. Мәселен, балағы біздің мазамызды ала бермеуі үшін кез келген шараны ойланбай қолдана саламыз. Далаға шығарып жібереміз. Қолына сынбайтын заттар беріп қоямыз. Біреулерге: «Мынаны алып кетші» деп қолына ұстатып жібереміз. Бәрінен қауіптісі, көгілдір экранның алдына отырғызып, «бір нәрсе» қосып береміз. Бала соған айналып отырғанда, басқа шаруаларды тындырып аламыз. Мұның бәрінен қауіптісі – 3 жасқа толмаған балаға теледидар көрсету.
Бала психологиясы мен физиологиясын жақсы білетін мамандар бұл жастағы бүлдіршіндерге кез келген бейнеөнім зиян екенін айтқан. Киноның ғана емес, кез келген жарнаманың, мультфильмнің де қатері үлкен. Үшке толмаған балалар медиматериалдың мазмұнына емес, оның «жыбырлаған» әрекеттеріне мән береді. Былайша айтқанда, оларда сенсорлық қабылдау процесі жүреді. Ал бұл балаға өте зиян. Мұндай жағдайда бүлдіршін миының дамуға тиіс қыртысты бөлімдері мен нейрондық құрылымдары жетілмей тоқтап қалады. Баланың қозғалу қабілетіне де теледидар өнімдері айтарлықтай қауіпті. Тіпті, осы жастың өзінде балада тәуілділік деген жаман әдет пайда болатыны тағы бар.
Бұл кезде бала өзін қызықтырған жарқырауық затқа ұмтылады, оған қолын созып, ұстауға тырысады. Бұл тектес қимыл белсенділігі баланың дұрыс жетілуі үшін өте керек. Солардың себебімен бала көптеген қимыл дағдыларына үйренеді. Ал мультфильмдер осылардың дамуына кедергі жасайды.
Негізінде, үш жасқа толмаған бала әрі-бері шапқылап жүгіріп жүруі керек. Айналадағы адамдармен қысқа болса да, қарым-қатынасы болуға тиіс. Заттарды ұстап, сипап қабылдау қабілеттері дамуға тиіс. Осының ұрпағын ойлайтын әрбір ата-ана дұрыс түсінуі керек.
Кейбіреулер: «Бұл мультфильм ғой, балаларға арналған ғой…» деген пікірлерді айтуы мүмкін. Қандай әдемі немесе қызықты, мазмұнды мультфильм болса да, ол балаға зиян. Ол мультфильм көру барысында барлық қабылдау қабілеттері қосылғанмен, ондағы шапшаң қимылдарды таразылап, игеріп үлгермей қалады. Ал Құдайдың жаратқан табиғи дамуында ол өзін қоршаған заттарды асықпай ұстап, балалық деңгейде себеп-салдарлық байланысты үйренеді. Әр нәрсенің көлемін, формасын қабылдайды. Бәріне өзінің көзін жеткізеді. Ал көздің ғана жұмысы осыларды тоқтатып тастайды. Нәтижеде, баланың табиғи даму процесі бүлінеді.
Ал қазір 3 жас былай тұрсын, бір жасар сәбилерді де теледидар алдына жатқызып қоятын ата-аналарды байқап қаламыз. Бұл өз баламыздың келешегіне бейқам қарау деген сөз. Ал енді мультфильмдердің ересек балаларға әсерін алдағы күндерде арнайы қозғайтын боламыз.
Ең дұрысын Алла біледі.
Асылбек Әуезханұлы