Тездетіп жігіт күнім өтіп кеттің

421

Дүние, әттең әуре еттің мені,
Көп қудым әуре болып залым сені.
Бір күні санды соғып, «аһ» ұрамын,
Көшкен соң жігіттікің керуені.
Көшкен соң керуені жігіттікің,
Жігітке пайдасы жоқ көп біліктің.
Тұсынан қызды ауылдың өлеңдетіп,
Жош етіп, қызыл тілім, сен желіктің.
Жош етіп сен желіктің, қызыл тілім,
Жігітке пайдасы жоқ асқан білім.
Жапанда ақ киіктің сүргініндей,
Тездетіп кеттің өтіп, есіл күнім.
Тездетіп, есіл күнім, өтіп кеттің,
Сен шіркін, бізден өтіп кімге жеттің?
«Мен сенен айырылмайтын!» дейтін едің,
Опасы жоқ екен ғой айтқан серттің.

Базар Оңдасұлы

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз