Сөйле дедің біздерге

711

 

Сөйле дедің біздерге,
Біз сөйлелік сіздерге.
Кімдер бар да, кімдер жоқ
Келесі наурыз, күздерге.
Қарағай басы қу болар,
Жау белгісі ту болар.
Ел ішінде жалғыздың
Көкірегі шер болар.
Атадан туған ұл болар,
Анадан туған қыз болар.
Су қатайса, мұз болар,
Жаз өтіп, жылың күз болар.
Күз өткен соң не болар,
Аязды ақпан қыс болар.
Өткен өмір адамға
Ұйқыда көрген түс болар.
Асыл туған жақсының
Ақыл-ойы кең болар.
Атадан жаман туғанның
Ақыл-ойы кем болар.
Сөз кезегін берген соң,
Сөйлеп өткен жөн болар.
Жиналып келген жарандар,
Тыңдасаңыз құлақ сал.
Аз ғана айтып кетейін,
Сөйлемей кеткен не болар.

Жиналып бәрің келіпсің,
Алқалаған әлеумет,
Жақсы көрген құрбының
Қуанышты тойына.
Той қызықты болады,
Ортасы толса ойынға;
Ойын түрі басталса,
Сый-сияпаты тасталса,
Қыз бен жігіт қосылып,
Қоңырлатып ән салса;
Домбырадан күй төгіп,
Балаусадай балқытса,
Құйқылжытып қалқытса;
Тіл-көмейден ақынның
Алтындай сөзі ағылса;
Қыз-бозбала бір өңкей
Аңыратып ән салса.
Той қызықты болады
Табақ тарса сәнімен.
Өлең айтса келісер
Тамылжыған әнімен.
Бұл жалғанның ішінде
Алшаңдаған мырзалар,
Ардақтаған ару бар.
Азу тісін қайраған,
Қызыл тілі сайраған,
Әділдіктің заңымен
Қара қылды қақ жарған
Ел бастаған билер бар,
Тақта отырған әкім бар.
Опа-далап жағынған,
Иісі жұпар аңқыған,
Кер маралдай керілген,
Сән түзеп, сұлу киінген,
Тотыдайын таранған,
Көз тартатын кербез бар.
Көңілін тауып солардың,
Сөйлемесе қызыл тіл,
Жүйріктіктен не пайда бар?!

Марабай Құлжабайұлы

Үйде, қонақта отырғанда сақталатын әдептер

Әбу Дардадан (р.а.) ғибраттар . Жақсы күнде Аллаға жалбарын!

Әйел – ер адамға берілген Алланың сыйы

Жігіттің жігіті

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз