Бірде Әбу Зәрр (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі! Ибраһимге жіберілген уахида не жазылды?» деп сұрайды. Сонда Пайғамабарымыздың (с.ғ.с.) жауабының бір бөлігі уақыттың маңыздылығы жайлы болды: «Ақыл-ойының саулығын сақтау үшін адам уақытын 3 бөлікке бөлуі тиіс: бір бөлігі – Алла тағалаға құлшылық жасауға, екіншісі – күнделікті қалауларын орындау мен жасаған істері жайлы ойланып, сабақ алуға, үшінші бөлігі – қажеттіліктерін адал жолмен өтеу. Үшінші бөлігі алдыңғы екеуіне көмектеседі, осылайша жүректер тазарып, адамның өзімен-өзі болуына мүмкіндік береді».
Бұл хадис уақытымызды орнымен жұмсауымызды, оның қадірін білу керектігімізді, әрбір күнімізді, сағатымызды, минутымызды бағалай білу керектігімізді, Алла бізді өзіне құлшылық етуі үшін жаратқанын, сондықтан уақытты ең алдымен құлшылыққа арнауымыз тиіс екендігін, адамның күнделікті айналысатын ісі денсаулығына тікелей әсер ететіндігін айтады.