Құттықтау сөз

20

Құрметті оқырман!

Қазақ жұртының түсінігінде өнер алды – қызыл тіл. Қазақ елі ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен. Сондықтан аталы сөзді аттамай, бір ауыз сөзге тоқтаған адамды ел сыйлап, құрметтеген, төбесіне көтерген.

Иман да, әділет те, барлық жақсылық атаулы да асыл сөздер арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады.

Қазақтың байтақ даласында елін адал басқарған небір әділ хандар,  білегі жуан небір мықты ерлер, қара қылды қырыққа бөлген небір шешен билер өткені даусыз. Солардың бәрінен бізге жеткен ең қастерлі мұра асыл сөздер болса керек.

Ата-бабаларымыздан бүгінге жеткен даналық сөздердің астарына үңілсек, таң қалып таңдай қағамыз. «Шіркін-ай, неткен қасиетті кісілер еді!» деп тамсанамыз.

Дегенмен бүгінде осынау қастерлі мұраның қадіріне жете алып жүрміз бе деген сауал мазалап, алаңдататыны рас.

Міне, осы ойларды салмақтай келгенде, қазіргі қара дауыл ақпараттың заманында біздің жас ұрпақтың санасын қалыптастыруға ат салысатын осы сөздерді ғаламтор арқылы насихаттау  кезек кұттірмес қажеттілік болатын.

«Асыл сөз media» шығармашылық бірлестігі осы мақсатты бетке алып «asylsoz.kz» қоғамдық-рухани порталын ашып отыр. Алла сәтін салса, осы порталда бұрынғылардан қалған жақсы сөздерді шамамыздың жеткенінше насихаттайтын боламыз.

«Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген сөзге сүйеніп, жолға шығып отырмыз. Ләйім, осы порталдың оқырманы көп, ғұмыры ұзақ болса деп тілейміз.

Оқыңыздар, бөлісіңіздер, қастерлі сөз өнеріміздің насихатына атсалысыңыздар!

  «Асыл сөз media» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к. Асылбек Әуезханұлы

2 пікір

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз