Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту деген не, қалай айту керек, оның пайдалары қандай?

381

САЛАУАТ ДЕГЕН НЕ?

«Салауат» сөзі араб тілінде «береке», «құрмет көрсету», «тілек» сияқты мағыналарды білдіреді.  Салауат айту  – Пайғамбарымызға  (с.ғ.с.) деген жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, оған деген алғысымызды білдіріп, сағынышымыз бен құрметімізді жеткізу.

Қасиетті Құранда: «Расында, Алла (ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең ардақтысы Мұхаммед) пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар (яғни, оны шын жүректен ардақтап, оған Алланың рақымы мен есендігін тілеп, бар ықыластарыңмен дұға етіңдер және оған қалтқысыз мойынсұнған күйде сәлем жолдаңдар)!» делінген («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

 

САЛАУАТ ҚАЛАЙ АЙТЫЛАДЫ?

Әбу Хумәйд әс-Сағиди (р.а.): «Бірде сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Сізге салауатты қалай айтсақ дұрыс болады?» – деп сұрады. Сонда ол: «Аллаһуммә салли алә Мұхаммәдин уә алә әзуәжиһи уә алә зурриятиһи кәмә салләйтә алә Ибраһимә, уә бәрик алә Мұхаммәдин уә алә әзуәәжиһи уә алә зурриятиһи кәмә бәәрактә алә Ибраһимә, иннәкә Хамидун Мәжидун» (Уа, Алла тағалам! Ибраһимге салауат еткеніңдей, Мұхаммедке және оның жұбайлары мен ұрпақтарына да салауат еткейсің. Сондай-ақ, Ибраһимге береке бергеніңдей, Мұхаммедке және оның жұбайлары мен ұрпақтарына да береке бергейсің. Шын мәнінде, Сен әр алуан мақтау мен мадаққа лайықсың әрі Ұлысың!)», – деп айтыңдар», – деген (Бұхари, дағауат, 33; Муслим, саләт, 69).

 

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (С.А.С.) САЛАУАТ АЙТУДЫҢ ПАЙДАЛАРЫ

 

  1. Алланың бұйрығына мойынсұну
  2. Алла тағаланың Пайғамбарға салауат жолдауына сай әрекет ету
  3. Пайғамбарға салауат айтқан періштелердің істеріне сәйкестік
  4. Бір салауат айту арқылы он сауапқа кенелу
  5. Құлдың дәрежесінің он есе өсуі
  6. Салауат арқылы он жақсылықтың жазылуы
  7. Он күнәнің кешірілуі
  8. Дұғаның қабыл болуына себеп
  9. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шапағатына бөлену себебі
  10. Күнәлардың кешірілуіне себеп
  11. Пенденің қайғы-мұңына Алла тағаланың жеткілікті болуына себеп
  12. Қиямет күні Пайғамбарымызға жақын болудың себебі
  13. Садақа бере алмайтын адамның садақасының орнына жүреді
  14. Қажеттіліктерінің өтелу себебі
  15. Алла тағала мен періштелердің оған салауат айтуына себеп
  16. Салауат айтушының жаны мен тәнінің тазаруы
  17. Жан тапсырмастан бұрын пенденің жәннатпен сүйіншіленуі
  18. Қиямет күнінің қиындығынан құтылудың себебі
  19. Құлдың ұмытқан нәрсесін еске түсіруге себепкер
  20. Пайғамбарымызға салауат пен сәлем жолдауына жауап берілудің себебі
  21. Пайғамбарымызға салауат айтқан отырыстардың жұпар иіске бөленуіне себеп және ол  қиямет күнінде сол отырыстағыларды қасіретке ұшыратпайды
  22. Кедейліктің болмауы
  23. Пенденің сараңдықтан құтылуы
  24. Пайғамбарымыздың аты аталған кезде салауат айтпағандар үшін жасалған бәддүғадан құтылудың себебі
  25. Салауат айтушыға жәннат жолына бастау, айтпағанға оның жолынан алыстаудың себебі
  26. Алла тағала мен елшісінің аты аталмаған мәжілістің жаман иісінен құтылу
  27. Хұтба және басқа да уағыз-насихаттарды кемелдендіре түседі
  28. Қыл көпірден өтерде пенденің нұрының ерекше көп болуына себеп
  29. Пенденің қатыгездіктен құтылуының себебі
  30. Жердегілер мен көктегілердің пайғамбарымызға салауат атйқанға Алла тағаланың жақсы мадақ айтуының жалғастығы
  31. Салауат айтушының берекеге кенелуінің себебі
  32. Алла тағаланың рақымына бөлену себебі
  33. Пайғамбарымызды жақсы көрудің жалғасымдылығына себеп
  34. Пайғамбарымыздың өзіне салауат айтушыны жақсы көруінің жалғасыдылығының себебі
  35. Пенденің тура жолға келуінің және жүрегінің тірілуіне себеп
  36. Салауат айтушының есімінің Пайғамбарымызға ұсынылу себебі
  37. Қыл көпірде құлдың аяқтарының нық болуына себеп
  38. Пайғамбарымыздың біздегі кейбір қарыздарының өтелуіне себеп
  39. Салуат Алланы еске алу мен Оған шүкіршілік білдіруді де қамтиды
  40. Шындығында ол дұға болып табылады. Өйткені ол Алланың Өз сүйіктісін мақтауды сұрауына жауап немесе ол – пенденің материалдық әрі рухани қажеттіліктерін сұрау»

 

(Алау Әділбаев, дінтанушы, Ph.D докторы)

 

12 пікір

  1. Салеметсиздер ме? Пайгамбарга (с.г.у) салауат айтканда, дуга тилегенде казакша айтуга бола ма? Жане осы дугаларды кез–келген уакытта айту керек пе? мысалы; тамак писиргенде, уй жинап жургенде…

  2. Қасиетті құранда намазды қатты дауыстамай және сыбырламай өздерің еститіндей оқыңдар делінген, неге күндізгі намаздарды сыбырлап оқимыз?

  3. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаху алейхи уәссаламға) бір салауат айтып Әлемдердің раббысы Алладан 10 жақсылық алу мен үшін бақыт. Осыны естіп қатты қуандым әрі сенем. Салауат айтайық шамамыз келгенше бауырлар!

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз