«Күнәһар» кедей

171

Бір күні бір сұлтан ерекше түс көреді. Таңертең тұра сала уәзіріне: «Жинал, бір жаққа барып қайтамыз», – дейді. Уәзірі сұлтанның бұл әрекетіне таң қалады. Екеуі имамның киімін киіп жолға шығады. Ұзақ жүреді. Сұлтан тап бір жоғалғанын іздеп жүрген адамдай. Бір қаланың сырт жағына жетіп тынығып алмақ болады. Бір кезде анадайда жерде жатқан кісіні көріп қалады. Жақындап барса дене қимылсыз, демсіз жатыр. Жан-жағындағылардан көмек сұрап еді, ешқайсысы мойын бұрмады. Тек сол маңда жүрген маскүнем ғана: «Мен оны танимын, қырық жыл бойы көрші болдық», – дейді. Тағы бір кісі келіп: «Ол өте шебер етікші еді. Бірақ бар тапқанын жаман істерге жұмсайтын. Үнемі әдепсіз әйелдермен бірге жүргенін көретінбіз. Қолынан бөтелкесі түспейтін. Мешітке де бірде бір рет барған емес» – дейді. Қаумалаған жұрт біраз қызықтап тұрды да әрқайсысы өз жөнімен кете барды. Уәзірі: «Біз де кетейік», – деп еді сұлтан: «Жоқ, марқұмды жерлеуіміз керек» дейді. Екеуі жақын маңдағы мешітке барып сұлтанның өзі жуындырып, кебінге орайды. Сол сәтте марқұмның жүзі жарқырап, бейне бір мейірім мен шуақ төгіп тұрғандай… Сұлтан оған қарап тұрып: «Қалайша мұндай жылы жүзді адам соншалықты күнәлі істер жасады екен?» – деп ойлайды. Марқұм оның ең жақын адамындай сезілді…

Түскі намазға әлі біраз уақыт бар еді. Сұлтан табыттың жанына отырып дұға оқи бастайды. Бір кезде уәзірі: «Біз танымайтын біреуді жерлейін деп жатырмыз. Мұнымыз қате емес пе? Мүмкін оның балалары, әйелі, туыстары бар шығар, іздеп жатқан болар?» – дейді. Сұлтан: «Дұрыс айтасың. Сен осында бол. Мен қазір келемін» – дейді де етікшінің үйін сұрастырып жүріп тауып алады.

Есікті жылы жүзді егделеу әйел ашады. Болған жайды естіген ол егіліп: «Саған қиындық туғызғанымыз үшін кешір. Балам-ай, ол ерекше адам еді ғой! Жаны таза еді! Таң сәріден қара кешке дейін етік тігетін. Ал кешке қайтып келе жатып көшеде маскүнемді көрсе, оның қолындағы бөтелкені үш есе қымбатқа сатып алып, тым болмаса бүгін ішпеуін өтініп, уәдесін алатын. Ертесіне ерінбей барып тексеретін. Осылайша ол қаншама адамды ішкіліктен құтқарды. Ал сатып алған бөтелкесін үйге әкеліп төгіп тастайтын. Қарашы, қаншама жиналып қалған», – дейді көз жасын сүртіп.

Сұлтан естігеніне таң қалып:

– Не үшін олай істейтін? – деп сұрайды.

– Адамдарды аяйтын. Барлық адам – Алланың жаратылысы дейтін. Әсіресе күнә жасап жүргендерді қатты аяйтын.

– Қызық…

– Содан соң үйге бейәдеп әйелдерді алып келетін де ақша төлеп оларға: «Сендерді сатып алдым емес пе, солай ғой? Ендеше, демалыңдар» – дейтін де отырғызып алып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалардың өмірбаянын, Құран оқып беретін.

– А, солай екен ғой. Адамдар ол туралы басқаша ойлап еді.

– Ол өзгелердің не айтатынына мән бермейтін. Әрқайсысына түсіндіріп жатуға уақытым жоқ дейтін. Намазға басқа қаладағы мешітке баратын. Жақын маңдағы мешітке бармайсың ба? дегенімде: «Намазда тәкбір айтқанда көз алдыңа Қағба елестейтіндей имамның соңында тұрып оқу керек», – дейтін. Қаншама рет айттым. Жұрттар сен жайлы не айтады? Алыстағы мешітке бара жатып жолда құлап қалсаң не болады? Егер өлсең, сені көмуге кім келеді? – деп айтатынмын. Балаларымыз да жоқ. Ешкімге ауыртпалық салмайын деп бақшадан жер қазып қойды. «Сені кім жуындырып, кім көмеді?» – дегенімде: «Алла ұлы, бәйбіше! Сосын, сұлат не үшін?» – деген еді…

Сұлтан таңырқап көрген түсінің жауабын тапқандай болды…

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз