Көркем мінезді болу – жәннаттық болу

384

Бірде Сәһл ибн Тустариден көркем мінез хақында сұрайды. Сонда ол: «Көркем мінездің ең төменгі дәрежесі, қиындыққа төзе білу, сый-сияпаттан бас тарту, залымға мейірімді болу және оған жаны ашып, Алладан оның жарылқауын сұрау», – деп жауап берген. Сондай-ақ ол тағы бір сөзінде: «Ризық үшін қорқып, ақиқатты бұрмаламау. Барлық жағдайда ақиқатқа сену және оны орындау. Өзі мен ақиқаттың арасында және өзі мен адамдар қатынасында оған бойұсыну, опасыздық қылмау», – деген.

Шынында, көркем мінезді адам екі дүниенің де бақытына ие болған адам. Көркем мінез дегеніміз – Пайғамбарымыздай (с.ғ.с.) мейірімді, жұмсақ болу. Адал, қарапайым, шыншыл, сабырлы, төзімді, кішіпейіл, кешірімді болу. Жаратушының хақ жолында жүру. Ізгіліктен, адамгершіліктен әсте арылмау. Өзгелерге қолымен де, тіліемен де зәредей зиян тигізбеу. Әрине, кемшіліксіз пенде болмайды. Ал көркем мінезді адам сол кемшілігін тастап, тек жақсылыққа ұмтылады.

Ән-Науас ибн Самған: «Мен Алланың елшісінен (с.ғ.с.) жақсылық пен күнә хақында сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жақсылық – көркем мінезді болу, ал күнә дегеніміз, көкірегіңде сыбырлап тұрады бірақ, оны адамдарға көрсетуге қаламайтын нәрсең (яғни жаман мінез)», – деп айтты» деген хадисті келтіреді (Муслим, Тирмизи).

Әбу Дарда (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында қиямет күніндегі таразы басында, мүмін пенденің көркем мінезінен асқан ауыр нәрсе болмайды. Күмәнсіз Алла ауызы былапыт сөзге толы арсыз адамды жек көреді», – деді» деген»(Тирмизи).

Әбу Һурайра (р.а.) Алланың елшісінен (с.ғ.с.): «Жәннатқа кіретін адамдардың көпшілігі кімдер?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға тақуа болғандар мен көркем мінезділер», – деді.

Ал Айша (р.а.) анамыздан: «Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Расында мүмін өзінің көркем мінезінің арқасында, күндіз ораза, түнде намаз оқитын пенденің мәртебесіне жетеді», – деп айтқанын есіттім» деген хадис жеткен.

 

 

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз