Киім кию әдебі мен дұғасы

312

Киім кию әдебі мен дұғасы

       «Адам көркі – шүберек» дейді. Алайда, тек сыртқы көрікке мән беріп, жан-дүниенің сұлулығын ұмыт қалдырмаған жөн.

Ислам әдебінде ашық-шашық, өзгелердің көзіне бірден түсетіндей киінуге, тым астамшылдыққа жол беруге тыйым салынған. Киім:

  1. әрқашан таза
  2. қарапайым
  3. жасына сай әрі
  4. жарасымды болуы тиіс.

 

Қасиетті Құранда: «Ей, адам баласы! Біз сендерге әуреттеріңді (яғни, ұятты жерлеріңді) жабатын лыпа және сәндік киім түсірдік. Алайда тақуалық киімі онан да жақсы (яғни, сыртқы сәнінен гөрі, ішкі жан-дүниесінің көркемдігі артық» делінген («Ағраф» сүресі, 26-аят).

Сәмурадан жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ақ түсті киім киіңдер, өйткені ақ түс – таза, қарапайым әрі көрікті келеді…» – деп айтты» – делінген (Нәсәи, жәнәйз 38/зинә 97; Хаким, мүстәдрак 4-185).

Қарапайым киіну туралы тағы бір хадисте: «Кімде-кім Алланың разылығы үшін кішіпейілділік танытып, қымбат киімдерді киюге шамасы жетсе де қарапайым киінетін болса, қиямет күні Алла тағала оны шақырып алып, күллі жаартылыстың алдында мүміндерге арналған (баға жетпес) киімдердің ішінен қалағанын кигізеді» делінген (Тирмизи, сыфатул-қиямә 39).

Әбу Муса әл-Әшғари (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жібектен киім кию және алтын тағу үмбетімнің еркектеріне харам, әйелдеріне халал қылынды», – деп айтты», – делінген (Тирмизи, либәс 1).

Умму Сәләма анамыз (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.) ең сүйікті киімі жейде болатын», – деген (Әбу Дәуіт, либәс 3; Тирмизи, либәс 27).

Сондай-ақ, киімді оң жақтан бастап киген дұрыс. Айша анамыз (р.а.): «Расулалла (с.ғ.с.) дәрет алғанда, шаш тарағанда, аяқ киім кигенде, жалпы барлық (жақсы) істерінде оң жақтан бастағанды ұнататын еді», – деген (Бұхари, либәс 38; Муслим, таһарат 66).

Киім кигенде айтылатын дұға

Әбу Сайыд (р.а.):

«Алла елшісі (с.ғ.с.) үстіне жаңа киім кигенде «сәлде», «көйлек», немесе «шапан» деп киімнің атын атап тұрып: «Уа, Алла тағалам, бұл судай жаңа киімді маған Сен кигіздің. Саған мадақ пен шүкіршілік айтамын! Бір Өзіңнен мұның игілігін және игі жолда қолданылуын сұраймын. Сондай-ақ, оның жамандығынан және жаман жолда қолданылуынан бір Өзің сақтағайсың», – деп дұға жасайтын еді», – деген (Әбу Дәуіт, либәс 1; Тирмизи, либәс 28).

Тамақтан соң айтылатын дұға

Басшыға бағыну керек пе?

Үш адам отырып екеуінің сыбырласуы дұрыс па?

Күн сайын орындауымыз тиіс 12 сүннет

 

 

 

 

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз