Жұмақ жайлы…
Жұмақ – Алланың ізгі құлдарына нәсіп еткен нығметі, ең әсем, ең көркем мәңгілік бақыт мекені. Ендеше, бұл бау-бақшасы жайқалған, жанға жайлы әсем мекенге кімдер лайықты, оның үлкендігі қандай, ондағылар бірін-бірі көре ме, отбасылық өмір бар ма, ас-су іше ме? Бұл жайлы Қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен біле аламыз.
- Жұмақтағы отбасылық өмір
Жәннатта мүмін ата-аналар, балалары, ер мен әйелдің бірге болатыны жайлы Қасиетті Құранда:
«(Қисапсыз нығметке толы мәңгілік шаттық мекені) Адн жұмақтары: Бұл жұмақтарға олармен бірге ата-аналары, ата-бабалары, жұбайлары және ұрпақтарының ішіндегі ізгі жандар да кіреді. Періштелер әр есіктен кіріп келіп оларға былай деп тіл қатады:
(Дүниедегі қиыншылықтарға) сабырлылық танытқандарың үшін сендерге: «Сәләмун аләйкум!» деп тыныштық, есендік тілейміз! Осынау ақырғы ақирет мекені қандай керемет!» делінген («Рағыд» сүресі, 23-24-аяттар).
«Олар онда қаз-қатар тізілген жайлы орындықтарға шалқая түсіп, жайғасып отырады. Сондай-ақ, оларға құралай көз хор қыздарынан пәк жұбайлар нәсіп етеміз.
Ал иман еткен, сондай-ақ, ұрпақтары да өздеріне еріп имандылық жолына түскен мүміндерге келсек, Біз оларды (жұмақта) ұрпақтарымен қауыштырамыз және сол үшін олардың игі істерінің сауабын титтей де кемітпейміз…» («Тур» сүресі, 20-21-аяттар).
Ондағылар бір-бірімен тілдесіп, әңгіме-дүкен құрады, ойнап-күліп, көңіл көтереді, бірақ бос сөз, күнә атаулыдан, әлбетте, аулақ болады.