Жасаған күнәларымыз өмірімізге қалай әсер етеді?

263

Пенде болған соң бәріміз де қателік жасаймыз, кейде біліп, кейде білмей… Өтірік айту, біреуге опасыздық жасау, екіжүзді болу, ғайбат, біреуді жамандау, өсек айту т.с.с. барлығы да күнә болып есептеледі.

Адам бір рет шайтанның құрығына іліксе болғаны, бір күні өтірік айта салады, бір күні біреуді ренжіте салады… Жасаған істеріне өкініп, тәубе етпейінше ол адам осылайша шайтанның уысында тұра береді.

Алла тағала Қасиетті Құранда: «Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (құлдарының күнәлары қаншалықты ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!» деген («Зүмәр» сүресі, 53-аят).

Ал күнә жасаған адамның дені де, жаны да сау болмайды, алдынан кедергілер бірінен соң бір шыға береді, істеген ісінде ешбір берекет болмайды. Бұл жайлы қасиетті Құран Кәрімде:

«(Уа, адам баласы!) Саған нәсіп болған әрбір жақсылық Алладан, ал басыңа келген әрбір жамандық өзіңнен…» («Нисә» сүресі, 79-аят).

«(Естеріңде болсын!) Бастарыңа келген әрбір бәле-жала өз қолдарыңмен істеген күнәларыңның кесірінен. Дегенмен, Ол күнәларыңның көбін біржола кешеді» делінген («Шура» сүресі, 30-аят.)

Неліктен біз біреу жаза баса, оны кінәлауға дайын тұрамыз да, ал өзіміздің қателіктерімізді көрмейміз, көрсек те өзімізді қалайда ақтап алуға тырысамыз? Ол да өз-өзімізді жақсы көруіміздің, өзімшілдігіміздің бір белгісі. Сондықтан өз-өзімізге «қатал» болайық. Күнәлі істерден мейлінше аулақ болайық. Күнә жасағанда өзгелерге емес, алдымен өзімізге зиянымызды тигізетінімізді, өз-өзімізге қастандық жасайтынымызды ұмытпайық. Ал қателік жасап қойсақ, Алладан кешірім сұрауға, тәубе етуге асығайық, расында, Алла құлдарына ерекше мейірімді, аса рақымды!

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз