Екі көрші  

4

 

Абдулла – адамгершілігі мол, жақсылық жасауға жаны құмар өте мейірімді кісі. Оның Ахмет деген өзі де, тұрмысы да қарапайым, адал көршісі болады. Бір күні Ахметке ақша керек болып қалады. Бірақ ешкімнен сұрап, алақан жайғысы келмейді. Үйін сатпақ болып шешеді. Үйін көруге келгендер: «Қаншаға сатасың?» деп сұрайды. Ол: «Жиырма мың сом» дейді. Сонда олар: «Мына үйді жиырма мыңға сатпақпысың? Бұл маңда мұндай үйлер он-ақ мың тұрады ғой. Неге сонша қымбат айтып жатырсың?» деп кейиді. Сонда Ахмет: «Рас. Бұл үй ол бағаға лайық емес. Бірақ жанындағы көршісі өте жақсы кісі. Менің хал-жағдайымды әрдайым сұрап, көмегін аяған емес. Ас дайын болса менің балаларымды қоса шақырады. Осы күнге дейін тек пайдасын көрмесем, ешбір зиянын көргенім жоқ. Қаншама жылдан бері тату тұрып келеміз. Енді айтыңыздаршы, осындай көршісі бар үй қанша тұруы мүмкін? » дейді. Бұл сөздерді естіген Абдулла көршісінің ақшаға мұқтаж екенін түсініп: «Ахмет, үйіңді сатпа, керек ақшаңды мен берейін. Сен кетсең сендей көршіні мен қайдан табамын?» деп Ахметке ақша беріп, үйін сатпауға көндіреді.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) келесі хадистерінде:

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенетін болса, көршісіне жақсылық жасасын, ренжітпесін», «Көршісі аш отырып, өзі тоқ отырған мұсылман емес» – деген.

Бір сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Менің жақсы – жамандығымның бағасын кім береді?» – деп сұрағанда, «Көршің!» – деп жауап береді.

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз