Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Алла тағаланың: «Намазыңды (қатты) дауыстап та, (тым) бәсең де оқыма» деген сөзіне қатысты: «Бұл аят Алла елшісі (с.ғ.с.) Меккеде жасырынып жүрген кезде (Исламның алғашқы кезеңдерінде) түскен. Ол сахабаларымен намазда Құранды дауысын көтеріп оқитын. Ал мүшріктер оны естігенде Құранды да, Түсіргенді де, әкелгенді де балағаттайтын. Сонда Алла тағала пайғамбарына (с.ғ.с) мүшріктер еститіндей «намазыңды (қатты) дауыстап оқыма» және сахабаларыңа «тым (бәсең) де оқыма». Оларға Құранды естірт, бірақ бұрынғыдай қатты дауыстама, «осының (дауыстап оқу мен бәсең оқудың) арасындағы жолды ұста», – деп айтты», – деген (Сахих Муслим).
«…намаз оқығанда дауысыңды қатты шығарма әрі тым бәсеңдетіп те жіберме, екеуінің ортасындағы жолды ұстан» («Исра» сүресі, 110-аят).