Бейқам болыңыз, егер…

149

Ертеде бір диқан жер сатып алады. Алайда еккен егініне қатты жел мен дауыл зиян келтіреді. Бір өзі үлгере алмай қасына көмекші алмақ болады, бірақ ешкім келісе қоймайды. Тіпті бұл ісіңнен түк шықпайды, таста бұныңды деп күледі. Диқан ештеңеге қарамастан еңбектене береді. Себебі ол жер құнарлы, шаруашылығы да үлкен еді. Бір күні оған бір қария келеді. Диқанның егістік пен астықты жинаудан хабарың бар ма деген сұрағына ол: «Солай десе де болады. Мен дауылда да ұйықтай аламын» деп жауап береді. Бұл сөздерді түсінбесе де диқан ол кісіні көмекшісі етіп алады.

Бір күні түнде қатты дауылдан оянып кеткен диқан қарияға жүгіріп келіп: «Тұр! Қатты жел соғып жатыр. Бір нәрсе жасамасақ болмайды!» дейді. Қария салмақты жүзбен: «Ештеңе етпейді. Айттым ғой, мен дауылда да ұйықтай аламын деп» дейді де бұрылып ұйқысын жалғастыра береді. Көмекшісінің бұл ісіне қатты ашуланған диқан оны таңертең жұмыстан шығарамын деп ойлайды да, сыртқа қарай жүгіреді. Қараса, сабандар буылып, жиулы тұр, сиырлар қораға кіргізулі, есіктері жабық. Құдықтың беті жабылған, қораның барлық терезелері жабық. Үйіне келсе, үйдің терезелері де жабық тұр. Мұны көріп қуанып қалған ол орнына келіп жатады. Дауыл күшейе түседі. Көңілі жайланған диқан жымиып көзін жұмады да ішінен: «Мен дауылда да ұйықтай аламын» деп күбірлейді…

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз