Барлық істі оң жақтан бастаудың сыры неде? Ал солақайлар қайтпек?

404

«(Қиямет күні) кітабын оң жағынан алған адам (қатты қуанып): «Мінеки, менің (игі істерге толы) кітабымды алып оқып көріңдерші», – деп айтады» («Хаққа» сүресі, 19-аят).

        Оң жағымыздағы періште игі істерімізді, ал сол жағымыздағы періште теріс әрекеттерімізді жазатыны секілді, Қиямет күні тақуа жандарға амал дәптері оң жағынан, ал күнәһарларға сол жағынан беріледі. Бұл не деген сөз? Бұл – күнделікті өмірде істерді оң жақтан, оң қолмен бастаған дұрыс екендігін білдіреді:

  1. Киім кигенде
  2. Аяқ киімді киерде
  3. Шаш тарағанда
  4. Тамақтанғанда
  5. Ұйықтағанда оң жақ қырымен жату
  6. Мешітке, үйге оң аяқпен кіру
  7. Дәрет алғанда және тағы басқа да әрекеттерімізді оң жақтан, оң қолмен бастау – сүннет болып табылады.

Айша анамыз (р.а.): «Расулалла (с.ғ.с.) дәрет  алғанда, шаш тарағанда, аяқ киім кигенде, жалпы барлық (жақсы) істерінде оң жақтан бастағанды ұнататын еді», – деген (Бұхари, либәс 38; Муслим, таһарат 66).

Тағы бір риуаятында: «Алла елшісі (с.ғ.с.) оң қолын тамақтанғанда және тазаланғанда, ал сол қолын дәретханада және сіңбіргенде қолданатын» деген (Әбу Дәуіт).

Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Қайсыбірің болмасын аяқ киімін киерде алдымен оң аяғынан бастап кисін. Ал шешкенде, сол аяқтан бастасын. Осылайша, оң аяқтағы аяқ киімнің сыңары алдымен киіліп, соңынан шешілетін болсын», – деп бұйырды», – деген (Бұхари, либәс 39; Муслим, либәс 67).

Халқымызда ертеден келе жатқан «Ісің оң болсын!», «Құдай оңдасын!» деген тіркестер бекер айтылмаған. Келінді де босағадан оң аяқпен аттатaды. Жас жұбайлардың отауы қара шаңырақтың оң жағынан тігіледі. Алла тура жолдан тайдырмасын, Алла қолдасын деген ниетпен балаға Оңдасын деген есім қояды. Әлдебіреу теріс әрекеттер жасап жатса «Сол жағыңмен тұрғанбысың?» дейді.

Осы орайда «Ал солақайлар не істемек?» деген сұрақ туындайды. Олар енді жазуды оң қолымен жаза алмайтын шығар. Ал қалған (жоғарыда аталған) барлық жақсы істерді оң қолымен, оң жағынан бастағаны дұрыс.

 

 

 

 

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз