ӘЗІРЕТ ӘЛИДІҢ ҰЛЫ ҚАСИЕТТЕРІ ТУРАЛЫ ҒАЖАЙЫП ЕСТЕЛІК

412

Бір күні Мұғауия Дирар деген сахабаға: «Маған әзрет Әли туралы айтып берші», – деп қолқа салды.

Ренжіп, ашуланып жүрмейсіз бе? – деді Дирар.

Жоқ, ренжімеймін де, ашуланбаймын. Айта бер. Сонда Дирардың айтқаны:

«Ол ілім мен (Алла Тағаланы) тану жағынан өзгелерден алда тұратыны сонша – ешкім онымен бой өлшестіре алмайды. Ол Ислам дінін тіршілігіне тіреу, өміріне өзек етуде және оны халыққа таратуда өте күшті кісі еді. Ақиқатты (бетің бар, жүзің бар демей) ашық айтып салатын, әділдікпен үкім шығаратын, өне бойынан ілім мен таным сәуле шашып тұратын, жан-жағына хикметтер ағып жататын дүниенің қызыл-жасылына алданбайтын, қараңғы түнмен түсіністік тауып, достасып кеткен, оңаша қалуды ұнататын жан еді.

Ол көп ойланатын және көп жылайтын, ақырым не болады деп қорқып, әрлі-берлі дөңбекшіп жататын кісі еді. Өзін-өзі үнемі есепке тартатын. Сәнді киімнен қарапайым киінуді артық санайтын.

Дастарханында не болса, соған ғана қанағат ететін. Біз сияқты қарапайым адамдардың бірі секілді сұрақтарымызға жауап беріп, шақырған  жерімізге барып,келіп жүретін кішіпейіл адам еді.

Күлімсіресе, тістері маржандай жарқырап кететін. Дін ғалымдарын құрметтейтін. Ғарып-міскіндерді жақсы көретін. Әділетсіздік болған жағдайда, абыройлы, күшті адамдар одан жәрдем күтпейтін. Ал әлсіз пақырлар оның әділетінен ешқашан үміт үзбейтін.

Түн болса, сақалын жұлып тастардай мықтап ұстап алып, таң атқанша михрабтан бас көтермейтін кездеріне өзім талай рет күә болдым. «Сақташы, Раббым, сақташы!» деп қайғы-мұң жұтып жатқанын: «Әй, дүние! Сен маған бет алдың ба, әлде мен сені қуып келемін бе? Бүйткен жүзім құрысын, енді  сені тастаймын, енді маған қайтып келе алмассың. Әй, Әли! Өмірің тым қысқа, көрген күнің бейшара, ал қауіп-қатерің алапат. Осындай ұзақ сапарда осынша аз азықты қай жеріңе жеткізесің?!», – дейтін де жылай беретінін өз көзіммен көргенмін.

Міне, осының бәрі дәл қазір көз алдымда деп Дирар өз сөзін аяқтады. Осы сөздерді тыңдаған Мұғауия көзінен аққан жасты жеңімен сүртіп, қасындағылардың да көңілін босатып жіберді. Содан соң: «Алла Тағалам ӘбулХасанға (Әлиге) рақым-мейірімін  жаудырсын! Алла атымен ант етейін, ол, шынында да, сен айтқандай ұлы тұлға еді. Әй, Дирар, сенің оған деген сағынышың мен қайғы-қасіретің қандай?», деп тағы сұрақ қойды. Сонда Дирар: «Көз алдында өз баласы тірідей бауыздалған әкенің қасіретіндей», деді де, өзін ұстай алмай шәкірті Саид ибн Жүбәйір екеуі еңіреп жылап қоя берді.

 

Қазақ тіліне аударған Асылбек Әуезханұлы

 

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз