Ананың хаты

250

Айналайын, қызым! Міне, мен де қартайдым. Бойымнан күш, денемнен әл кетті. Соңғы кездері денсаулығым жиі сыр беріп жүр. Сендерді қатты уайымдаймын. Арпа ішінде жалғыз бидайым – қызым болған соң орның тіпті бөлек. Алладан балапандарымның амандығын тілеп күн сайын дұға етемін…

Кей кездері бір айтқанымды қайталап айта берсем, ренжи гөрме, есіңде ме, сен де кішкентай күніңде бір сұрақты сан рет қайталап қоя беретінсің…

Ауырып қалсам, жанымнан табылып, аузыма бір қасық су тамызсаң, соның өзі маған күш береді. Шақалақ кезіңде шырылдап жылағаныңда аузыңа ақ сүтімді дарытып, жылағаныңды қойғанша жаным жай таппайтын. Сен ауырсаң, менің жаным ауыратын…

Таяқ ұстап, жүре алмай қалсам, сені қолыңнан ұстап тәй-тәй басып үйреткенімдей, менің де қолтығыма сүйеу болып, шыдамдылық танытарсың, қалқам!

Бұл айтқандарымды ана болғаныңда түсінерсің (лайым солай болғай). Қазір міне, бойжетіп, бой түзедің. Сондықтан жаның мен арыңды мен сені дүниеге әкелген кездегідей пәк күйінде сақта! Ешқашан оны жаман істермен, өсек айтумен, өтірікпен, тәкаппарлықпен, өзімшілдікпен ластама!

Осы уақытқа дейінгі берген ақылым мен тәлім-тәрбиемнің зая кетпейтініне мен сенемін, алтыным!

Пікір жазу

Email адресіңіз жарияланбайды. * өрістерді міндетті түрде толтырыңыз